меню
меню

Сайт жайлы

Бала кезімнен сүттей аппақ, аспанда асықпай ілгері бара жататын бұлттарға қызығатын едім. Қандай сәнді, ақ, пәк бұлттар! Шаршамай көкте жан жаққа тарап жататын бұлттар ауа райын қалыптастырады. Температура, жел, жаңбыр, қар, боран сияқты құбылыстар осыған тәуелді:

Кейін өстік, оқыдық, білім алдық. Математика мен бағдарламалауды үйрендік. Компьютерді біліп математикалық моделдердің көмегімен ауа райын болжайтын сайт жасауды қолға алдық. Елге пайдалы болсын деп.

Математика

Ауа температурасына бұлт, жел, жаңбыр, тұман, қар, боран сияқты метео құбылыстар әсер етеді. Мысалы аспан шайдай ашық болса күн нұры жер бетін тез жылытады. Күн радиациясына бөгет болатын бұлттар неғұрлым аз болса температура соғұрлым жоғарылау болады.

Жазда жаңбыр лезде жауып кілт тоқтаса температура күрт төмендейді. Бес-алты градусқа болса да төмендейді. Жаңбыр қатарынан бірнеше күн жауса температура он не тіпті он бес градусқа бірден азаюы мүмкін. Мысалы маусым айының басында күндізгі температура плюс 30 болып тұрса, жаңбыр жауғанда осы 30 0C градус бірден 25 0C төмендеуі мүмкін.

Сонымен жел соқса, жаңбыр жауса, бұлт қоюланса, боран басталса аздап болса да температура өзгереді. Не жоғарлайды не төмендейді. Бәз қалпында қала қоймайды. Температура дегеніміз сан. Нақты сан. Оны өлшеу де, жазу да, санау да қиын емес. Ал “бұлттар қоюланды”, “жел соқты”, “жаңбыр жауды” дегеніміз не? Оны қалайша математикалық тілмен сипаттай аламыз? Вектор ма? Туынды ма? Интеграл ма?

Олар сөз жоқ оқиға боп табылады! Жел соқты дегеніміз оқиға. Жаңбыр жауды дегеніміз де оқиға. Тұман жер бетін қаптады дегені де оқиға. Осы оқиғалар y скаляр шамаға, яғни температураға әсер етеді. Бұл тәуелділікті былай жаза аламыз:

y = f(A), мұндағы y температура ал A атмосферада болған не болып жатқан оқиғалар. Яғни метео құбылыстар.

Демек температура оқиғадан тәуелді функция боп табылады. Осы факт сайттын математикалық моделдерінің негізінде жатыр. Түпкі ой осы. Есептеу мысалы мына жерде бар - https://esepter.com/news7